Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде сотталған әйелдер жаңа мамандықты меңгерді

Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №70 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдерге арналған маникюр жасау курсы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқыту мақсаты – сотталған әйелдердің кәсіби дағдыларын қалыптастырып, бостандыққа шыққаннан кейін еңбекке араласуына мүмкіндік жасау.

Курсты маникюр саласында 13 жылдық тәжірибесі бар шебер Назерке Абдрахманова жүргізді. Оның жетекшілігімен қатысушылар маникюр жасаудың негізгі тәсілдерін үйреніп, тырнақ күтімі бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгерді.

Оқыту барысында практикалық жұмысқа, ұқыптылыққа және санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауға ерекше мән берілді.

Курс қатысушылары алған білімдерін болашақта пайдаланып, сұранысқа ие мамандық арқылы жұмысқа орналасуға және өз кәсібін бастауға мүмкіндік алады. Бұл – олардың жаңа өмірге қадам басып, болашағына сеніммен қарауына жол ашатын маңызды бастама.

– Маникюр жасау курсы маған өте ұнады. Оқу барысында жаңа білім алып, тәжірибелік дағдыларды меңгердім. Бостандыққа шыққаннан кейін осы үйренгендерімді қолданамын деп үміттенемін. Білім беріп, шыдамдылық танытып, жаңа мамандықты игеруге мүмкіндік жасағаны үшін Назерке Абдрахмановаға алғыс айтамын. Бұл мен үшін жаңа мақсаттарға ұмтылып, болашаққа сеніммен қадам басуға жол ашқан маңызды мүмкіндік болды, – деп бөлісті курс қатысушыларының бірі.

Кәсіби оқыту – сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеудің маңызды бағыттарының бірі. Жаңа мамандықты меңгеру олардың еңбек нарығында өз орнын табуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және бостандыққа шыққаннан кейін қалыпты өмірге оралуына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру