Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер жастарға жеке шекараны қорғаудың маңызын түсіндірді

Ақсуда полицейлер студенттерге жеке қауіпсіздік мәселелерін түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаяу Мұса атындағы колледжде кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жеке қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру мақсатында профилактикалық дәріс өткізілді.

Кездесу барысында ювеналды полиция инспекторы студенттерге сталкинг, яғни адамның еркінен тыс жүйелі түрде қудалау туралы түсіндірді. Оның қатарына қайта-қайта қоңырау шалу, хабарламалар жіберу, аңду, қалаусыз кездесулер ұйымдастыру және адамның жеке өмірін бақылауға тырысу жатады.

Сондай-ақ қыздарды ересек адамдар тарапынан болуы мүмкін тиісу, психологиялық қысым мен манипуляциядан қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Инспектор қауіпті мінез-құлық белгілерін дер кезінде танудың және қауіп төнген жағдайда көмекке жүгінудің маңызын атап өтті.

Студент қыздарға ешкімнің оларды қарым-қатынас жасауға немесе кездесуге мәжбүрлеуге, жеке фотосуреттерін талап етуге, қорқытуға және психологиялық қысым көрсетуге құқығы жоқ екені түсіндірілді. Осындай жағдайларға тап болғанда, үнсіз қалмай, ата-анасына, педагогтерге немесе сенімді ересек адамға хабарлап, қажет болған жағдайда полицияға жүгіну керектігі ескертілді.

– Жеке қауіпсіздік өз шекараңды құрметтеуден және қауіпті дер кезінде тани білуден басталады. Егер біреудің әрекеті алаңдаушылық немесе жайсыздық тудырса, көмек сұраудан қорықпау керек, – деді Ақсу қаласы ювеналды полиция тобының аға инспекторы Асель Тұрсынғалиева.

Мұндай профилактикалық кездесулер жастардың қудалау мен манипуляция белгілерін ажыратып, өз құқықтарын қорғау жолдарын білуіне ықпал етеді.

Полиция жастарды жеке қауіпсіздігіне мұқият болуға, қудалау мен қысымға төзбеуге және кез келген қауіп-қатер немесе құқыққа қайшы әрекеттер туралы уақтылы хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру