Түркістанда "Жас сақшы" сыныбының оқушылары хормен ән шырқады
Түркістан облысында 40-тан астам жас сақшы мерекелік іс-шарада хор орындады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің Республика күніне арналған салтанатты іс-шарасы ерекше әсермен басталды. Сарыағаш ауданының “Жас сақшы” полиция сыныбының 40 оқушыдан құралған хоры Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындап, мерекенің рухын асқақтатты.
Салтанатты жиында Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров құттықтау сөз сөйлеп, ел тыныштығын сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полиция қызметкерлерінің еңбегіне тоқталды.
– Республика күні – ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік мерекесі. Бұл жолда мыңдаған полиция қызметкерінің маңдай тері, отбасынан жырақта өткізген уақыты, кейде өміріне төнген қауіп пен үлкен жауапкершілік жатыр. Сондықтан бұл марапаттар – күнделікті қызметтегі табандылық пен ел игілігі жолындағы еңбектің бағасы. Баршаңызды ұлттық мерекемен құттықтап, отбасыларыңызға амандық тілеймін,– деді департамент бастығы.
Мереке қарсаңында бірқатар полиция қызметкеріне жоғары арнайы атақтар беріліп, ведомстволық наградалар табысталды.
Атап айтқанда, Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Самат Бейсенбаевқа полиция подполковнигі арнайы атағы мерзімінен бұрын берілді. Келес аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асет Ибрагимов пен Кентау қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрсұлтан Ашимовқа полиция полковнигі арнайы атағы берілді.
Сондай-ақ “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен Евгений Кульков, “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен Шерзад Кенжебеков марапатталды.
ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасына Сайрам аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Мұхаммад Теленов пен Түлкібас аудандық полиция бөлімінің криминалисі Ришад Сейсебаев ие болды. Ал ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Гүлнар Абдужаппарова ІІМ-нің грамотасымен марапатталды.
Іс-шара барысында ішкі істер органдарының ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, олардың көпжылдық еңбегі мен кейінгі буынға берер өнегесі атап өтілді. Мерекелік бағдарлама патриоттық әндер мен концерттік қойылымдарға ұласып, “Жас сақшы” сыныбының оқушылары мен өнерлі полицейлердің орындаған әндермен жалғасты.
