Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаментінде жауынгерлік даңқ мұражайының ашылу рәсімі өтті

Республика күніне орай Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, еңбек және жауынгерлік даңқ мұражайының салтанатты ашылу рәсімі мен “Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті: тарих беттері” атты кітаптың тұсаукесері өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Мерекелік шара аясында таныстырылған кітапта өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесінің қалыптасу және даму тарихы, мекемелердің өткені мен бүгіні, әр жылдары салада қызмет атқарған қызметкерлердің жетістіктері мен ардагерлердің еңбегі қамтылған. Басылымның басты мақсаты – қызмет тарихын сақтау, тарихи мұраны дәріптеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Сонымен қатар ашылған еңбек және жауынгерлік даңқ мұражайының экспозициясынан соғыс және ҚАЖ ардагерлеріне қатысты тарихи материалдарды, фотосуреттерді, мекемелердің макеттерін, сондай-ақ бұрынғы және қазіргі қызметтік киім үлгілерін көруге болады. Бұл жәдігерлер қылмыстық-атқару жүйесінің қалыптасуы мен даму кезеңдерін бейнелеп, аға буын өкілдерінің қызметтік жолы мен еңбегін таныстырады.

Іс-шара барысында қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттау рәсімі де өтті. Бұл – адал қызмет пен кәсіби жауапкершіліктің лайықты бағалануы, сондай-ақ қызметкерлерді жаңа жетістіктерге ынталандырудың көрінісі.

Мұражайдың ашылуы мен тарихи кітаптың тұсаукесері – өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесінің тарихын зерделеу, тарихи мұраны сақтау және ардагерлердің өнегелі жолын дәріптеу бағытындағы маңызды қадам. Аталған бастамалар қызмет дәстүрлерінің сабақтастығын сақтауға, жас қызметкерлерді отансүйгіштікке тәрбиелеуге және олардың кәсіби мақтанышын арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру