Астанада мас күйде көлік жүргізген ер адам 30 тәулікке қамалды
Астанада мас күйде көлік жүргізген ер адам 30 тәулікке қамалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада алкогольдік масаң күйде көлік басқару деректерін анықтау және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жалғасуда.
"Мас жүргізуші — қылмыскер!" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ Москвич автокөлігін тоқтатты.
Құжаттарды тексеру кезінде полицейлер жүргізушіден алкогольдік масаңдық белгілерін байқаған. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растады.
Сонымен қатар ер адамның көлік басқару құқығы жоқ екені және осы құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасағаны белгілі болды.
Оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік мамандандырылған коммуналдық тұраққа қойылды.
Сот шешімімен құқық бұзушы 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Астана қаласының полиция департаменті алкогольдік масаң күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертеді.
Полиция азаматтарды ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әрбір жүргізуші өз қауіпсіздігімен қатар, өзгелердің өмірі үшін де жауапты.
