Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында қоғамдық тәртіпті бұзған жүргізуші жауапқа тартылды

Ақтөбе облысында полицейлер аудандық әкімдік алдында дрифт жасаған жүргізушіні жауапқа тартты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ойыл ауылында полиция қызметкерлері жолда қауіпті маневрлер жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған жүргізушінің кім екенін анықтады.

Жолмырзаев пен Құрманов көшелерінің қиылысында, тура аудандық әкімдік ғимаратының алдында BMW автокөлік жүргізушісі дрифт ұйымдастырған. Дөңгелектерін айналдырып, шұғыл бұрылыстар жасаған шетелдік көлік қатты шу шығарып, бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды және азаматтардың тыныштығын бұзды.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны жедел түрде анықтады. Ол Ақтөбе қаласының 24 жастағы тұрғыны болып шықты.

Құқық бұзушының транзиттік мемлекеттік нөмірлері бар автокөлігі тәркіленіп, аудандық полиция бөлімінің ауласындағы мамандандырылған айып тұрағына қойылды.

Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Өңірлік полиция жалпы пайдаланымдағы жолдардағы мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне де тікелей қатер төндіретінін ескертеді. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін қатаң әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру