Павлодарда түнгі тыныштықты бұзған 5 мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Павлодарда түнгі тыныштықты бұзған 5 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шулы басқосулар, қатты музыка, көршілердің айқай-шуы мен түнгі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізу – қала тұрғындарының тыныштығын бұзатын жиі кездесетін жағдайлар.
Тыныштықты көрші пәтерлер мен үйлердің тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы дүкендер, кафелер, ойын-сауық орындары, автосервистер мен көлік жуу орындарының келушілері де бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайлар жұмыс күнінен кейін тынығуды қалайтын азаматтардың қалыпты өміріне қолайсыздық туғызады.
Алайда тұрғындар мұндай әрекеттерге төзуге міндетті емес. Заңда белгіленген уақытта тыныштықты бұзу – әкімшілік құқық бұзушылық.
Павлодар облысының полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде түнгі уақытта тыныштықты бұзған 5 442 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны пәтерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, түнгі тыныштықты бұзған. Жұмысқа беріліп кеткен ер адам уақыттың қалай өткенін байқамаған болуы керек. Көршілері сағат 23:30-да полицияға хабарласқан. Нәтижесінде тұрғынға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Полиция қызметкерлері тыныштық режимін бұзатын көршілермен мәселені шешудің алдымен өзара келісуден басталатынын еске салады. Егер ескертуге құлақ аспаса, полицияға хабарласуға болады.
"Заң мен тәртіп" қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған ішкі істер органдары қызметінің негізгі ұстанымы болып қала береді. Қоғамдық тәртіпті бұзған әрбір азамат заң алдында жауап береді.
