Павлодарда жүргізуші куәлігінен айырылған азамат қайтадан мас күйде көлік басқарған
Павлодарда жүргізуші куәлігінен айырылған азамат қайтадан мас күйде көлік басқарған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізеді.
Кезекті рейд барысында М. Жүсіп көшесінде полицейлер қозғалыс мәнері күдік тудырған Toyota Camry автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің есірткілік масаң күйде болуы мүмкін деген күдік туындады.
Тексеру барысында аталған азаматтың 2026 жылдың қазан айында көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сот шешімімен ол жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Алайда белгіленген тыйымға қарамастан, ер адам қайтадан мас күйде рөлге отырған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізілуде.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Жол қауіпсіздігі әрбір жүргізушінің жауапкершілігінен басталады!
