Қарағандыда қылмыстық-атқару жүйесінің инфрақұрылымы нығайтылды
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жаңа әкімшілік ғимараты салтанатты түрде ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға өңір басшылығының, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері, қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлері және департаменттің жеке құрамы қатысты.
Жаңа әкімшілік ғимаратқа қол жеткізу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі басшылығының қолдауы мен ықпалының арқасында мүмкін болды. Бұл қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға және қызметкерлердің қызмет атқару жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
Жаңа ғимараттың ашылуы өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесін дамыту жолындағы маңызды кезеңге айналды. Бұл ведомствоны кезең-кезеңімен жаңғыртуға және қызметкерлердің жұмысына заманауи жағдай жасауға бағытталған жұмыстардың нақты көрінісі болды.

Жаңа әкімшілік ғимараттың ведомство үшін маңызы зор. Енді департамент кең әрі жайлы қызметтік кабинеттермен, жаңартылған инфрақұрылыммен және құрылымдық бөлімшелердің тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілді.
Ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай, жөндеуді қажет еткен ғимарат күрделі жаңғыртудан өтті. Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың ішкі бөлмелері жаңартылып, жаңа жиһаздармен жабдықталды. Сондай-ақ іргелес аумақ абаттандырылып, қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды.

Салтанатты ашылу рәсімі қонақтардың жаңартылған ғимаратты аралап, департамент қызметкерлеріне жасалған қолайлы жұмыс жағдайларымен танысуымен қорытындыланды.
