Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында тәртіпке бағынбаған есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды

Маңғыстау облысында пробациялық бақылау талаптарын бірнеше рет бұзған сотталған азаматқа қатысты жаза қатаңдатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Бейнеу аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат пробациялық бақылау талаптарын жүйелі түрде бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды.

Атап айтқанда, Бейнеу аудандық сотының үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін азаматқа 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ол шартты түрде сотталған.

Өткен жылы пробация қызметінің есебіне алынған азамат бақылау кезеңінде өзіне жүктелген міндеттерді бірнеше рет орындамаған. Белгіленген уақытта пробация қызметіне келмеген, тұрғылықты мекенжайында болмаған және пробация қызметінің рұқсатынсыз басқа елдімекенге кеткен.

Аталған заң бұзушылықтарға байланысты пробация қызметі тарапынан азаматқа бірнеше рет ескерту жасалып, заң талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, ол тиісті қорытынды шығармай, пробациялық бақылау талаптарын бұзуды жалғастырған.

Осыған байланысты пробация қызметі заңнамада көзделген тәртіппен сотқа шартты түрде соттаудың күшін жою және тағайындалған жазаны орындау туралы ұсыныс енгізді.

Сот ұсынысты қарап, қанағаттандыру туралы қаулы шығарды. Қабылданған сот шешімінің негізінде азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Пробация қызметінің басты міндеттерінің бірі – сотталғандарды қоғамнан оқшауламай түзетуге, әлеуметтік ортаға бейімдеуге және қайта әлеуметтендіруге ықпал ету. Сонымен қатар сот жүктеген міндеттердің орындалуын бақылау және заң талаптарын бұзу фактілеріне уақтылы ден қою да қызметтің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру