Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ата аманаты – ұрпаққа өнеге: полиция қызметін өмірлік жолына айналдырған әулет

Полиция қызметін өмірлік жолына айналдырған әулет оқиғаларымен бөлісті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әр адамның өмір жолында оның болмысына бағыт-бағдар беретін, жүрегіне ерекше із қалдыратын жандар болады. Бірі үшін бұл – ата-анасының ақылы болса, енді бірі үшін – атасының өнегесі, әкесінің өмірлік жолы. Ал кейбір отбасыларда сол өнеге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тұтас әулеттің өмірлік ұстанымына айналады. Мұндай әулеттер үшін мамандық таңдау – тек жеке шешім емес, бала кезден бойға сіңген тәрбие мен жауапкершіліктің жалғасы.

Астана қаласы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы Марғұлан Еріков – осындай тағылымды жолды таңдаған азаматтардың бірі. Оның өмір тарихы – әке жолын жалғаған ұлдың, ата аманатын арқалаған немеренің және өз ұрпағына өнеге көрсетуді мақсат еткен әкенің тарихы.

Тәртіп сақшысы Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Бұл – тарихы терең, рухы биік, елдік пен ерліктің талай үлгісін дүниеге әкелген қасиетті өлке. Оның бойындағы елге қызмет етуге деген құрмет пен жауапкершілік сезімінің қалыптасуына отбасындағы тәрбие ерекше әсер етті.

Өйткені полиция қызметі бұл әулет үшін таңсық мамандық емес. Марғұланның атасы да, әкесі де ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Әсіресе атасы Қуанышбеков Зейнулланың өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін айрықша өнеге.

Зейнулла ақсақал – Ұлы Отан соғысының ардагері, майдан даласында Отан қорғаған, ерлігімен ел есінде қалған тарихи кезеңнің куәгері. Оның өмірбаянындағы ерекше деректің бірі – Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевпен бір сыныпта оқып, жақын дос болғаны. Бұл – әулет үшін үлкен мақтаныш әрі кейінгі ұрпаққа жеткізер тағылымды тарих.

Майдандағы ерлігі мен ел алдындағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Зейнулла Қуанышбеков I дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Ерлігі үшін" медалімен және "Жауынгерлік еңбегі үшін" медалімен екі мәрте марапатталған. Соғыстан кейін де ел алдындағы азаматтық міндетін жалғастырып, құқық қорғау саласында еңбек еткен.

Атасының өмір жолы Марғұлан үшін жай ғана өткен тарих емес, азаматтық болмысының қалыптасуына ықпал еткен үлкен мектеп болды. Отанға адалдық, жауапкершілік, тәртіп пен табандылық секілді қасиеттердің мәнін ол бала кезінен отбасындағы өнеге арқылы түсініп өсті.
Әулеттегі тағылымды дәстүр әкесі арқылы да жалғасын тапты. Марғұланның әкесі – тарихшы.

Ғұмырын тарихты зерттеуге, өткеннің өнегесін зерделеуге арнаған азамат бүгінде зейнет демалысында болса да, шығармашылық ізденісін тоқтатқан емес. Осы уақытқа дейін бесінші кітабын жарыққа шығарған. Бұл – оның білімге, ізденіске және рухани мұра қалдыруға деген құштарлығының айқын көрінісі.

Осылайша, әулетте үш буынның өзіндік өнегесі қалыптасқан: атасы ел қорғап, құқық қорғау саласында еңбек етсе, әкесі тарихты зерттеп, кейінгі ұрпаққа рухани мұра қалдыруда. Ал Марғұлан осы екі буыннан дарыған құндылықтарды бойына сіңіріп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолын таңдады.

2011 жылы Марғұлан ішкі істер органдарындағы еңбек жолын бастады. Содан бері 15 жылға жуық уақыт бойы полиция қызметінің жауапкершілігін арқалап келеді. Оның қызметтегі басты ұстанымы – өз міндетіне адал болу, сеніп тапсырылған жауапкершілікті абыроймен атқару. Ол таңдаған жолының оңай еместігін жақсы түсінеді. Дегенмен бала кезінен бойына сіңген тәртіп пен әулеттік тәрбие оған әрдайым бағыт-бағдар беріп келеді.

Ол спортты жанына серік еткен. Әсіресе футболға қызығушылығы ерекше. Спортты тек дене шынықтырудың жолы емес, мінезді шыңдайтын, ерік-жігерді тәрбиелейтін өмір салты деп біледі. Командалық ойын арқылы бірлік пен өзара қолдаудың, ал тұрақты жаттығу арқылы табандылықтың маңызын түсінеді.

Сонымен қатар оның өнерге де жақын қыры бар. Ән айтқанды жақсы көреді. Бос уақытында кітап оқып, түрлі шығармалармен танысуға көңіл бөледі. Қызметтің қарбалас тіршілігінен тыс уақытта рухани дамуға уақыт бөлуі оның жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Қызметтегі жауапкершілік бір бөлек болса, әкелік міндеттің орны тіпті ерекше. Марғұлан Ерікұлы – үш ұлдың әкесі. Ол үшін отбасы – күш-қуат беретін, өмірге деген сенімін нығайтатын ең қымбат құндылық. Оның жүрегінде тағы бір ерекше арман бар. Үш ұлының бірі немесе барлығы болашақта полиция қызметін таңдап, ата мен әке жолын жалғастырса екен дейді. Өйткені ол үшін әулеттік дәстүрді сақтау – тек бір мамандықты жалғастыру емес, ұрпаққа адалдықтың, жауапкершіліктің және елге қызмет етудің үлгісін көрсету.

Атадан қалған ерлік, әкеден дарыған білім мен тәрбие, ұлдарға аманат болған абыройлы жол. Марғұлан Еріковтің өмір тарихы – полиция қызметін кәсіп қана емес, әулеттің ар-намысы мен өмірлік ұстанымына айналдырған ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру