Елорда тұрғыны Петропавлда мас күйде көлік жүргізген
Петропавл қаласында полицейлер мас күйде көлік басқарған 21 жастағы жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Абай және Тоқсан би көшелерінің қиылысында автокөлік жүргізушісін тоқтатқан. Оны медициналық куәландыруға жеткізу нәтижесінде алкогольдік мас күйде болғаны расталды. Жүргізушінің елорда тұрғыны екені белгілі болды.
Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген.
Полиция департаменті мас күйде көлік жүргізу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін ескертеді. Мұндай әрекет үшін заңда қатаң жауапкершілік қарастырылған. "Заң мен тәртіп" қағидаты баршаға ортақ.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста мас күйде көлік басқарудың 985 дерегі анықталған. Ал қараша айының соңғы аптасында ғана осындай 13 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
