Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда автотұрақ ережесін бұзған 2661 жүргізуші жауапқа тартылды

Павлодарда көлігін автотұраққа дұрыс қоймаған 2,5 мыңнан астам тұрғын жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында көлікті тротуарға қою, өзге көліктердің шығуына немесе еркін қозғалысына кедергі келтіру – жиі кездесетін мәселелердің бірі. Мұндай әрекеттер көршілер арасында жанжал туғызып қана қоймай, шұғыл қызмет көліктерінің дер кезінде жетуіне кедергі келтіреді және басқа жүргізушілерге қолайсыздық тудырады.

Жыл басынан бері өңірде автотұрақ ережелерін бұзғаны үшін 2661 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, Олжабай батыр көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында Жигули автокөлігінің жүргізушісі көлігін өзге көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіретіндей етіп қойған.

Ал Назарбаев даңғылындағы тұрғын үйдің ауласында Chevrolet автокөлігі ағаштарды кесу жұмыстарына бөгет болған.

Тағы бір өзекті мәселе – мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрақ орындарын тиісті рұқсаты жоқ жүргізушілердің иемденуі.

"Омниканалды Police 102" арнасына Granta автокөлігінің жүргізушісі мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрақ белгісінің астына көлігін қойғаны туралы фотоматериал тіркелген хабарлама келіп түсті. Полиция қызметкерлері көрсетілген мекенжайларға барып, көлік иелерін анықтады. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.

Айта кетейік, жыл басынан бері 1495 азамат "Омниканалды Police 102" қосымшасын пайдаланған.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, өзге жүргізушілерге кедергі келтірмеуге және көлік құралдарын тек арнайы белгіленген орындарға қоюға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру