Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер жүргізушілер мен мал иелерін жауапкершілікке шақырады

Ертіс ауданының полицейлері жүргізушілер мен мал иелерін жауапкершілікке шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ертіс ауданында "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында заманауи бейнебақылау жүйелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Цифрлық технологиялар полиция қызметкерлеріне оқиғаларға жедел әрекет етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.

– Жыл басынан бері ауданда бейнебақылау камераларының көмегімен мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, бес қылмыс ашылды, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімінің жедел басқару орталығының аға инспекторы Ануар Арынғазинов.

Полиция өкілдерінің айтуынша, бейнебақылау камералары тек бақылау құралы ғана емес, құқық бұзушылықтардың алдын алудың да тиімді тетігі. Көшелер мен қоғамдық орындарда мұндай жүйелердің болуы құқық бұзушылықтардың азаюына ықпал етіп, азаматтардың тәртібін арттыруға септігін тигізеді.

Осыған байланысты полицейлер жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға шақырады. Белгіленген жылдамдық режимін сақтау, жол жағдайының өзгеруін ескеру және қозғалыс кезінде кенеттен пайда болуы мүмкін кедергілерге дайын болу маңызды.

Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне де ерекше ескерту жасалды. Полицейлер малды қараусыз қалдырмай, оның автожолдарға шығып кетуіне жол бермеу қажеттігін еске салады.

– Қараусыз жүрген мал жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Мұндай жағдайлар ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Мал жаю қағидаларын бұзған азаматтарға қатысты заңнамада көзделген әкімшілік шаралар қолданылады, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Естеріңізде болсын, қоғамдық қауіпсіздік пен жолдағы тәртіп әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Қауіпсіздік – ортақ жауапкершіліктен басталады!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру