Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстан мен Грузия трансұлттық қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтуда

Астанада киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі халықаралық конференция аясында Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Грузияның ішкі істер министрі Сулхан Тамазашвилидің екіжақты кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомство басшылары трансұлттық қылмысқа және интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, қылмыскерлерді іздестіру, сондай-ақ көші-қон қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында бірлескен жұмыстың нақты нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Ержан Саденов қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген адамдарды іздестіру және ұстап беру мәселелерінде грузиялық әріптестерінің жедел әрекет етуіне жоғары баға берді.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері де жеке қаралды. Тараптар бейінді бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, жедел ақпарат алмасуды жетілдіру және бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру мәселелерін талқылады.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – полиция кадрларын даярлау. Екі елдің ведомстволық оқу орындары арасында қол қойылған меморандум аясында академиялық алмасу, тағылымдамадан өту және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бағдарламалары пысықталуда.

Сонымен қатар көші-қон қауіпсіздігі саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Министрлер екі мемлекеттің құқық қорғау органдары арасындағы жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін байланыс офицерлері жұмысының тиімділігін атап өтті.

Бұл – ведомство басшыларының биылғы екінші кездесуі. Аталған кездесу екіжақты ынтымақтастықтың жүйелі түрде дамып, бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылып жатқанын көрсетеді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қылмысқа қарсы күрес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыру бағыттарындағы өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екендерін растады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру