СҚО ПД жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесі жаңа мүшелермен толықты
СҚО ПД жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесі жаңа мүшелермен толықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті екінші басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшелерімен кездесті.
Кеңес құрамына полицейлермен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері мен белсенді қоғам қайраткерлері кіреді. Оның негізгі мақсаты – нашақорлықтың алдын алу және жастардың есірткі қылмыстарына тартылуына жол бермеу бағытында полициямен бірлесіп жұмыс істеу.
Бақытжан Әмірханов Кеңес мүшелерімен пікір алмасты. Кездесуде жастарға қызықты әрі қолжетімді түрлі форматта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің тиімді жолдары талқыланды.
Сондай-ақ Кеңес құрамына төрт жаңа мүше қабылданды. Бақытжан Әмірханов оларға Кеңес мүшелерінің куәліктері мен төсбелгілерін табыстады. Жаңа мүшелердің барлығы – есірткі құқық бұзушылықтары мәселесіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар. Солардың бірі – Даяна Баймұқанова. Ол жеті жылдан бері волонтерлік қызметпен айналысып, жастарға арналған іс-шаралар ұйымдастырып, полицейлермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.
Кеңес құрамының кеңеюі полиция мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуда құқық қорғау шараларымен қатар жастармен, ата-аналармен, педагогтермен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыстың маңызы зор.
