Семейде студенттерге цифрлық жоба таныстырылды
Семейде студенттерге цифрлық жоба таныстырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасанды интеллект қылмыстық істерді тергеуде көмекші бола ала ма? Ол тергеушіге қандай мүмкіндіктер ашады? Бұл туралы Әлихан Бөкейхан атындағы университеттің 130 студенті Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимовпен кездесуде білді.
Негізгі тақырыптардың бірі “Тергеушінің көмекшісі” жобасы болды. Студенттерге оның мүмкіндіктері және сотқа дейінгі тергеуде жасанды интеллектіні қолдану перспективалары туралы айтылды. Цифрлық құралдар тергеу бөлімшелерінің жұмысының тиімділігін қалай арттыра алатыны және болашақ мамандарға қандай білім қажет болатыны талқыланды.
Кездесуге қатысушылар үшін бұл тақырып мамандық таңдаумен тікелей байланысты. Бүгін олар танысып жатқан технологиялар болашақта олардың күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Кездесу барысында “Болашақ тергеушілер” республикалық слетіне белсенді қатысқаны үшін бес студент марапатталды. Сондай-ақ слетті ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдескені және болашақ мамандарды даярлауға қосқан үлесі үшін екі оқытушы атап өтілді.
Кездесу болашақ заңгерлерге тергеу жұмысындағы технологиялық өзгерістермен және таңдаған мамандығының даму бағыттарымен танысуға мүмкіндік берді.
