Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда құқық қорғау органдары қызметкерлері самбодан бақ сынады

Қарағандыда құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар қызметкерлері арасында самбодан біріншілік өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар қызметкерлері арасында спорттық және жауынгерлік самбодан ашық біріншілік ұйымдастырылды. "Арлан" спорт кешенінде өткен жарысқа 14 командадан 138 спортшы қатысып, түрлі салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтады.

Турнирге ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының, төтенше жағдайлар департаментінің, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, Ұлттық ұланның "Орталық" өңірлік қолбасшылығының, арнайы мақсаттағы бөлімшелер мен аумақтық полиция бөлімдерінің өкілдері қатысты.

Жарыс барысында спортшылар спорттық самбо бойынша жеті, ал жауынгерлік самбо бойынша бес салмақ дәрежесінде бақ сынады. Тартысты белдесулерде қатысушылар өздерінің физикалық дайындығын, спорттық шеберлігі мен төзімділігін көрсетті.

Спорттық самбо бойынша 58 келіге дейінгі салмақта О. Мамыраш, 64 келіге дейін Қ. Еренғайып, 71 келіге дейін Қ. Жиенбек, 79 келіге дейін Ф. Бойрабай, 88 келіге дейін М. Сатаев, 98 келіге дейін О. Уатхан, ал 98 келіден жоғары салмақта Ж. Жақсыжан жеңімпаз атанды.

Жауынгерлік самбо бойынша 58 келіге дейінгі салмақта Д. Ахметов, 64 келіге дейін Б. Жұмагелді, 71 келіге дейін Н. Төлеухан, 79 келіге дейін Ж. Жұмабеков және 88 келіге дейін Т. Әбішев үздік нәтиже көрсетті.

Біріншілік қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде марапатталды. Спортшылар медальдар, дипломдар және естелік кубоктарға ие болды.

Мұндай жарыстар қызметкерлердің дене дайындығын жетілдіруге, спорттық шеберлігін арттыруға, сондай-ақ күштік құрылымдар арасындағы ынтымақтастық пен командалық рухты нығайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру