Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер студенттерге қауіпсіздік пен құқықтық сауаттылық туралы түсіндірді

Павлодарда полицейлер студенттерге қауіпсіздік пен құқықтық сауаттылық туралы түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Студенттік кезең – жаңа таныстықтар, дербестік пен жарқын сәттерге толы өмір белесі. Алайда ата-анадан жырақта өмір сүру тұрмыстық мәселелерді өз бетінше шешумен қатар, құқықтық сауаттылық пен жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды да талап етеді.

Осы мақсатта Павлодар қаласының полиция қызметкерлері студенттік жатақханаларға барып, жастармен профилактикалық кездесулер өткізді.

Ашық диалог форматында өткен кездесулерде полицейлер құқық бұзушылықтың салдары мен заң алдындағы жауапкершілік туралы түсіндірді. Тіпті, елеусіз көрінген әрекеттің өзі әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеліп, жастың болашағына кері әсер етуі мүмкін екені айтылды.

Кездесу барысында киберқауіпсіздік пен интернет-алаяқтық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Студенттерге интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, «оңай ақша табуға» уәде беретін күмәнді ұсыныстарға сенбеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді.

– Жастар арасында жиі кездесетін өзекті қауіптердің бірі – киберқауіпсіздік пен интернет-алаяқтық. Студенттерге желіде және телефон арқылы жасалатын алдау тәсілдері түсіндіріліп, күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарау мен жеке мәліметтерді қорғаудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар жатақханадағы өзара сыйластық пен даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу мәдениетіне де назар аударылды. Бұл – ортақ кеңістікте тыныш әрі қауіпсіз өмір сүрудің басты шарттары, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.

Сондай-ақ студенттерге жатақхана ішінде және кешкі уақытта қала көшелерінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, жеке сақтық шараларын ұстану жөнінде кеңестер берілді.

Кездесу соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен нақты жауаптар мен түсініктемелер алды.

Полицейлер студенттерді жауапкершілік танытуға, жеке қауіпсіздігіне мұқият болуға және заң талаптарын сақтауға шақырды. Өйткені қауіпсіз әрі жарқын болашақтың негізі – саналы әрекет пен жауапты мінез-құлық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру