Жетісуда полицейлер әділет департаментінің қызметкерлеріне профилактикалық дәріс өткізді
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері әділет департаментінің қызметкерлеріне құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық дәрістер өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтық, әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзу, дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін түсіндірді. Алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен олардан қорғану жолдарына ерекше назар аударылды.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ интернет кеңістігінде деструктивті идеологияның таралуына жол бермеу мәселелерін қозғады.
Мұндай іс-шаралар ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға, мемлекеттік орган қызметкерлерінің құқықтық мәдениеті мен қырағылығын арттыруға бағытталған.
Аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр.
