Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жолда заңсыз жарық құрылғысын қолданған жүргізушіге шара қолданылды

Түркістан облысында әлеуметтік желіде тараған бейнежазба арқылы жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол "Toyota Camry" автокөлігінің төбесіне қызыл және көк түсті жарық сигналдарын беретін арнайы құрылғы – стробоскоп орнатып, жолда жүрген.

Оқиға Сарыағаш ауданындағы Шымкент–Жетісай бағытындағы А-15 тасжолында болған. Бейнежазба "TikTok" әлеуметтік желісінде тарағаннан кейін полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, жүргізушінің жеке басын анықтады.

Тексеру барысында 19 жастағы азаматтың әрекетінен бес әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, көлікке арнайы жарық құрылғысын заңсыз орнату, тиісті құжаттарсыз және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу, сондай-ақ басып озу қағидаларын бұзу деректері тіркелді.

Жинақталған материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция көлікке рұқсатсыз арнайы жарық құрылғыларын орнату жол қозғалысына қатысушыларды жаңылыстырып, қауіпсіздікке қатер төндіретінін ескертеді. Жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру