Айтыс ақындары сотталғандарды ұлттық өнер мен әдебиетке баулыды
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінде "Алтын домбыра" мен "Күміс домбыра" иегерлері сотталғандармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекемеде ұлттық өнерді дәріптеу, рухани құндылықтарды насихаттау және сотталғандармен жүргізілетін тәрбиелік жұмысты жетілдіру мақсатында мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға республикалық айтыстың жеңімпазы, "Алтын домбыра" иегері Мақсат Аханов пен "Күміс домбыра" айтысының жеңімпазы Нұрмұхаммед Байсугуров қатысты.

Ақындар сотталғандармен рухани-танымдық әңгіме өрбітіп, ұлттық өнердің тағылымы, рухани құндылықтар, өмірлік ұстаным мен адамның қоғамдағы орны туралы ой қозғады. Кездесу барысында әдебиет пен өнердің тұлға тәрбиесіндегі маңызы, адамның рухани дүниесін байытып, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастырудағы рөлі атап өтілді.
Сапар аясында қонақтар мекеме аумағындағы домбыра жасау цехын аралап, ұлттық аспапты әзірлеу үдерісімен танысты. Сондай-ақ домбыра үйірмесіне қатысушылардың өнерін тамашалап, олардың ұлттық музыкаға деген ықыласы мен шығармашылық ізденісіне оң бағасын берді.

Іс-шара барысында "Шекарасыз оқу" пилоттық жобасы аясында 18 сотталғанның оқыған әдеби шығармалары талқыланды. Оқу арқылы рухани даму, дүниетанымды кеңейту, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру және кітаптың тәрбиелік мәні жөнінде пікірлер айтылды.
Мұндай кездесулер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі өнерді дамыту және домбыраны кеңінен дәріптеу жөніндегі бастамаларымен үндеседі. Домбыра – халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен рухани болмысын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қастерлі мұра.
Ұлттық өнерді насихаттау, кітап оқуға баулу және рухани құндылықтарды дәріптеу – сотталғандардың тәрбиесіне, оң өмірлік ұстаным қалыптастыруына, рухани дамуына және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі.
