Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер 143 мектеп автобусын тексерді

СҚО-да полицейлер143 мектеп автобусын тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында 143 мектеп автобусы қызмет көрсетеді. Оның 125-і білім беру ұйымдарының автопаркіне тиесілі болса, 18-і балаларды тасымалдау қызметін келісімшарт негізінде көрсететін кәсіпкерлерге тиесілі.

Оқу жылының басында және маусым ауысар алдында полицейлер барлық мектеп автобустарын тексерді. Бұл кез келген күні қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін кезеңде аса маңызды.

Тәртіп сақшылары автобустардың техникалық жағдайына, қысқы шиналардың, қауіпсіздік белдіктерінің, алғашқы медициналық көмек қобдишалары мен өрт сөндіргіштердің болуына, жарықтандыру құралдарының жарамдылығына ерекше назар аударды. Сондай-ақ жүргізушілердің қажетті құжаттарының жарамдылық мерзімдері тексерілді.

Құқық бұзушылықтар анықталған жоқ. Бұл – тәртіп сақшыларының әрбір тасымалдаушымен жүргізіп келе жатқан жеке профилактикалық жұмысының нәтижесі.

"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында полицияның жұмысы балалардың жол-көлік оқиғаларынан жарақаттануын азайтуға және жалпы жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

10 ай ішінде Солтүстік Қазақстан облысында болған 106 жол-көлік оқиғасында 4 бала қаза тауып, 138 бала жарақат алды. Зардап шеккен балалардың 104-і көлік құралдарының жолаушылары болған.

Полицейлер жүргізушілерді барынша сақ болуға, ауа райы болжамын ескере отырып, сапар бағытын жоспарлауға, қысқы шиналарға уақытылы ауысуға және көлік құралдарының техникалық жағдайын қадағалауға шақырады.

Ауа райы күрт нашарлап, жолдың сулануы немесе қар басуы маневр жасауды қиындатқан кезде жылдамдықты төмендету, көліктер арасындағы арақашықтықты ұлғайту және күрт маневр жасаудан бас тарту ұсынылады. Жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтау – жолдағы қауіпсіздіктің ең сенімді кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру