СҚО ПД автокөліктері заманауи бейнетіркеу жүйесімен жабдықталуда
Петропавлдық патрульдік полицейлердің автокөліктері замамануи бейнетіркеу жүйесімен жабдықталуда, – деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.
Петропавл гарнизоны полициясының кешенді күштерінің ағымдағы жылғы алғашқы жалпыгарнизондық таратуы инновациялық өзгерістен басталды. Қаңтар айынан бастап Петропавл қ. Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметтік автокөліктері Streamax автомобильдік бейнетіркеу жүйесімен жабдықталды.
Бұл құрылғы бірден төрт нүктеден бейнетіркеу жүргізуге қауқарлы. Көліктің артқы, алдыңғы жағындағы және ішінде болып жатқанның барлығын жазады. Ал, көліктің үстіндегі негізгі камера 360 градуста төңіректегі жағдайды бақылайды. СҚО ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары Дархан Наурызбаевтың айтуынша, жақын арада тағы 14 патрульдік автокөлікті бейнетіркеу жүйесімен жабдықтау жоспарда бар. Қызметкерлердің қоғамдық тәртіпті қадағалуға әзірлігін тексеруге келген СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев енгізіліп отырған жаңа құрылғылардың полицияның кезекші жасақтарының тиімді құралы болуы тиіс екенін атап өтті. Аталмыш жүйенің негізгі қызметі – қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды тіркеуді дәлелдер базасымен қамтамасыз ету және полиция қызметкерлерінің заңдылықты сақтауын бақылау.
Полицияның кешенді күштерінің жалпыгарнизондық таратуы апта сайын өткізіледі. Сап түзеуге қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық қызметкерлер шығады: патрульдік полицейлер, учаскелік инспекторлар, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жеке күзет құрылымдарының жауынгерлері. Полиция департаментінің басшылығы мен командирлер қызметкерлердің жарғыларды білуін, олардың сырт келбеттерін тексереді, бағыттама мен қызмет өткеру тәртібін жеткізеді.
Әдеттегідей, жалпыгарнизондық таратуда қызмет барысында көзге түскен қызметкерлер көтермеленді. Қылмыстарды «ізін суытпай» ашқаны, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін облыстық полиция басшысының бұйрығымен полиция лейтенанттары Мұратхан Құсайынов пен Саят Дүйсенбин, полиция кіші лейтенанты Руслан Ешкеев алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, әріптестерінің алдында «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалін, кезекті арнайы шендерін алты офицер алды.