Видео: Суға ағып бара жатқан 12 жасар бала құтқарылды
Түркістан облысында полицейлер баланы суға ағып бара жатқан жерінен құтқарып қалды,-деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.
Ақпанның 2-сі күні сағат шамамен 16:50 -де Жетісай аудандық полиция бөлімінің кезекшілік бөлімшесіне жергілікті тұрғындардың бірінен жасөспірім бала суға ағып бара жатыр деген хабарлама келіп түскен. Хабарлама түсе салысымен полиция қызметкерлері оқиға орнына бағытталады. Қызметтік көлігіне мінген полицейлер жедел түрде оқиға орын алған жерге аттанып, небары 3 жарым минутта сол жерге жетеді. Жетісай аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы, полиция капитаны Нұрымбетов Марат Рахметұлы бірден суға сүңгіп кетеді. Тездетіп жүзіп барып, ағып бара жатқан 12 жастағы баланы ағысы қатты судан аман-есен құтқарып қалады.
«Полиция бөлімінен енді ғана шығып, көлігіме бара жатқан болатынмын. Суға ағып бара жатқан адам туралы хабарлама түскен екен, маған рациямен тездетіп хабар берілді. Еш ойланбастан әріптесіммен бірге көліктің дабылын қосып алып, сол жаққа қарай тарттық. Бар ойымыз адамды аман алып қалу. Каналдағы су көтеріліп, арнасы толып тұрған болатын. Жеткен кезде көліктен шығып, киімімді шештім де суға сүңгіп кеттім. Баланың ағып бара жатқан жағына қарай алдынан шығып ұстап қалу үшін, барымды салып жүзе бастадым. Осылайша баланы құтқардым. Бастысы бала аман!», – дейді батыр полицей.
12 жасар баланы судан алып шыққаннан соң, полицейлер уақыт жоғалтпастан бірден қызметтік көлікке салып, Жетісай аудандық орталық ауруханасына жетем дегенше алғашқы медициналық көмектерін көрсеткен. Бала су жұтып қойғандықтан, оның кеудесінен, суық судан мұздап қалған денесін уқалап көмектерін көрсеткен. Бүгінгі таңда баланың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Алғашқыда жансақтау бөліміне жатқызылған еді, қазіргі уақытта палатаға ауыстырылды.
Өз кезегінде ерлік жасаған полицейге жасөспірімнің ата-анасы шынайы алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.