Бірнеше алаяқтық әрекетін жасаған күдікті ұсталды
Әлеуметтік желі арқылы бірнеше алаяқтық әрекеттер жасағаны үшін Шымкент қаласының 30 жасар тұрғыны ұсталды,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс Полиция департаменті аумақтық бөлімшелерінің өндірісінде алаяқтық фактілері бойынша 4 қылмыстық іс бар (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі). Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері Шымкент қаласының 30 жасар тұрғынын анықтады, ол 2019 жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін әлеуметтік желілер («Instagram» немесе «Olx») арқылы түрлі өнімдерді сатып алу мақсатында «Whatsapp» мессенджері бойынша хат алмасу кезінде жәбірленушілерге тиесілі жеке куәлік пен банк карталарының нөмірлерінің фотосын алған.
Кейін қаржы ұйымдарының бірінде онлайн-кредит рәсімдеген. Кейіннен несие ұйымының мақұлданған ақша қаражаты жәбірленушілердің карталарына түсті. Өз кезегінде, күдікті жәбірленушілерге «Қазпошта» АҚ-ның жалған түбіртектерімен алынған несие сомасына бекітілген ақша қаражатын аударғаны туралы хабарлаған. Біраз уақыттан кейін күдікті түрлі сылтаумен (отбасының жақын мүшелерінің өлімі, ауыр ауру, шұғыл медициналық операция және т.б.) мәміледен бас тартып, ақша қаражатын оның картасына аударуды талап етті.
Облыстық полиция департаменті осындай хабарламалар түскен кезде өте сақ болуды және мүмкіндігінше жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласуды сұрайды.