Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жемқорлыққа иммунитет қалыптастыру мақсатында экскурсия жасалды

Ақтөбеде спорт мектебі басшыларына жемқорлықтың апарар жерін көрсетті,-деп хабарлайды Polisia.kz.

Облысы әкімі О.Оразалиннің «сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға» арналған тапсырмасын Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті тиісті деңгейде орындап, нақты іс-шараларды атқарып келеді. Соның бір көрінісі- аталған департаменттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті: «Ақтөбе- адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіне ұйымдастырған іс-шарасы.

Ондағы мақсат- өңірдегі спорт мектебі басшыларына жемқорлықтың салдары қайда апарып соқтыратынын көрсетіп, олардың жемқорлыққа иммунитетін қалыптастыру болды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты КА-168/2 (қауіпсіздігі орташа) түзеу мекемесінде 400-ге жуық сотталған бар. Одан бөлек, 2100-ге жуық адам ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/1, КА-168/3 мекемелерінде және пробация есебінде тұр. Осы секілді ақпараттарды іс-шараға қатысушыларға жеткізген экскурсия ұйымдастырушылары оларға сотталғандардың жатын орындары, асхана, кітапхана, шаштараз, бос уақытын тиімді пайдалануға арналған орындар, спорт алаңы, мерекелік іс-шараларды өткізуге арналған орын (клуб) және сотталғандарға медициналық көмек беретін орындарды көрсетті. Өз кезегінде, жазасын өтеушілердің ақ төсектері мен демалыс орындары спорт саласындағы қызметкерлерді таңқалдырмай қоймады: олар «түрмеде де осындай жағдай болады деп ойламаппыз» деп шын таңданыстарын айтып жатты. Дегенмен, экскурсияға қатысушылар түзеу мекемесін аралау кезіндегі темір торлар мен қатаң тәртіптің бойларына үрей сезімін билеткенін де жасырмады. Ал, тәртіптік изоляторға бас сұғуға бәрінің бірдей құлқы болмай, көбісі орта жолдан кері бұрылып кетісті.

«Түрме басшылығымен бірлесе отырып, өткізген іс-шараның мақсаты- жемқорлыққа барған адамның заң шеңберінде жазаға тартылатынын және жаза өтеу мерзімі түрмеде қалай өтетінін түсіндіру. Осылайша, олардың жемқорлыққа иммунитетін қалыптастырып, жемқорлықтың зардабын ұқтыру»,- дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне қарасты превенция және парасаттылық басқармасының бас маманы Нұртөре Қалдыбаев.

«Біздің міндетіміз- сотталғандарды жазалау емес, керісінше оларды қоғамнан оқшауламай, барынша бейімдеу. Сотталғандардың тезірек бостандыққа шығуына мүмкіндік жасау. Бұл тұрғыда, ҚАЖ департаменті басшылығының нұсқаулығымен, жазасын өтеушілерге тәрбиелік, психологиялық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Қазіргі уақытта, ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168\2 мекемесінде еңбекке жарамды сотталғандардың 71 пайызы ақылы жұмыспен қамтылған. Олар маңдай терлерімен тапқан табыстарын отбасыларына жібереді және бостандыққа тезірек шығу мүмкіндігіне ие болу үшін сот шешімімен белгіленген талап-арыздарды өтейді. Одан бөлек, еңбекақыларына мекеме аумағында орналасқан дүкеннен өздеріне қажетті заттарды сатып алады. Сондай-ақ, сотталғандар мекеме аумағындағы «Ақтөбе көпсалалы колледжінде» оқып, түрлі кәсіпті меңгеріп келеді. Ал, пробация есебінде тұрған сотталғандарға пробация қызметкерлерімен қайта қылмыс жасамау үшін әлеуметтік-құқықтық көмектер беріліп, олардың жұмысқа тұруына, несие алып, кәсіпкерлік бастауына қолдау көрсетіледі,- дейді КА-168\2 мекемесі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Ербол Жайшылықов.

Ербол Жайшылықовтың айтуынша, түзеу мекемесінде спортқа бейім жастар көп. Олар мекемедегі әртүрлі спорттық жарыстарға, спартакиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып келеді. Дегенмен, жазасын өтеушілердің спортқа құлшынысын одан бетер арттыру үшін: спорт алаңына газон төсеу, тренажер бөлмелерін жасақтау, теннис үстелін жандандыру, спортпен шұғылдануға қажетті құрал-жабдықтар демеушілік көмекті қажет етеді.

Шара соңында, түрме басшылығының өтінішіне орай, спорт мектептерінің басшылары тиісті спорттық құрал-жабдықтармен және спорт алаңына барынша көмек беретіндеріне уәде етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру