Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ауладан 8 бас сиырды ұрлап кеткен қылмыстық топқа тергеу жүргізіліп жатыр

Түркістан облысы полицейлері 8 сиырды ұрлаған күдіктілерді ұстады,-деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қаласы полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне Жаңа Иқан ауылының тұрғыны арызданды.Белгісіз тұлғалар оның шаруашылық ауласынан 8 бас ірі қара малын ұрлап кеткенін айтып шағымданды.Жалпы шығын 2 миллион теңгені құрады. Осы жайт Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді .

Қылмысты ашу мақсатында қылмыс орнына қалалық полиция бөлімшесінің жедел-тергеу тобы шықты. Жақын аймақтарды аралап, оқиға болған жерді, қалған іздерді мұқият тексеріп, басқа да қажетті шараларды жүзеге асырды.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, бір аптадан кейін полиция қызметкерлері үш күдіктіні құрықтады. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Тергеу барысында күдіктілер мал шаруашылық ауласына заңсыз кіріп, сарайдың есігін бұзып, 8 сиырды ұрлап кеткендігі анықталды. Содан кейін олар екі сиырды сойып, етін өз қажеттіліктеріне пайдаланбақ болды. Қалған сиырларды көлікке сату мақсатында артып алған, алайда оларды жолда тәртіп сақшылары ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі уақытта аталмыш ұрлық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға әрдайым қырағы болуға және мал мен шаруашылық аулаларын қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мүмкіндігінше қоршаулар мен есіктерге сенімді құлыптар орнату, мал бағу үшін бақташыларды жалдау, сондай-ақ үй жануарларын таңбалауды және сырғалауды ұмытпау керектігін ескертеді . Мал ұрлығы жоғалған және ұрланған жағдайда шұғыл полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру