Бірнеше үйді үптеп кеткен ұрылар қолға түсті
Түркістандық полицейлер бір емес, бірнеше үйді үптеп кеткен ұрыларды қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға арыз жазған жергілікті тұрғынның айтуынша, ұрылар үйіне күндіз түсіпті. Терезе арқылы ішке енген баукеспелер үйде тұрған ақша мен алтын бұйымдарды алып кеткен.
Жәбірленушіге келген шығын – 1,5 миллион теңгеден асты.
Бұр ұрлық ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Қылмысты ашу үшін құрылған жедел топ уақытты оздырмай, жақын маңды түгел шарлап, куәгерлерді сөзге тартты, бейнебақылау камераларын тексерді.
Арада бір апта уақыт өткенде сақшылар күдікті деп жергілікті екі тұрғынды ұстады.
Оның біреуі бұрын сотталған боп шықты. Тергеу кезінде екеудің 6 пәтерді тонап, жәбірленушілерге бірнеше миллион теңге шығын келтіргені анықталды.
Ұрылар алдымен үй есігін қағып, адам бар-жоғын тексеріп алады екен. Ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп алған соң терезе арқылы немесе ашық қалған есіктен өтіп жолында кездескен бағалы заттың бәрін алып кетіп отырған.
Күдіктілер қазір қамауда. Полиция олардың қала аумағында тағы қандай қылмыс жасағандарын анықтайды.