Ата-ананың жазаға тартылғаны туралы WhatsАpp-таратылымдар шындыққа жанаспайды
Аулада жүрген балалардың ата-аналарының жазаға тартылғаны туралы WhatsАpp-таратылымдар шындыққа жанаспайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғандағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында ойнап жүрген балалардың ата-аналарына айыппұл салынғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жылдам тарады.
Алайда, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Оқиға 17 наурызда облыс орталығының Жаңа ғарышкер шағын ауданында орын алғаны анықталды. Сағат 17-00 шамасында қалалық полицияға 2009 жылы туған жасөспірімнің ата-анасы хабарласып, жарты сағатқа далаға ойнауға кеткен баласының әлі оралмағаны туралы айтқан. Ата-анасы алаңдаушылық танытқан соң, аталған үйдің ауласына патрульдік полицейлер жеткен. Баланы іздеу жұмыстарына сол аумақтағы жаяу патрульдер жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары алдымен сол аумақты және жақын маңды толық тексеріп шықты. Кейінірек жасөспірім үйіне жақын маңдағы 7 шағын ауданнан аман-есен табылды. Ол ойынның қызығымен жүріп, үйінен алыстап кеткеніне мән бермеген екен», – деп хабарлады Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Қазіргі уақытта тиісті қызметтер жалған ақпаратты таратушыларды анықтау шараларын жүргізіп жатыр. Аталған тұлғалар қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Тәртіп сақшылары жалған ақпарат тарату дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын және бес жылға дейін мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделетінін тағы бір мәрте ескертеді.
«Короновирус пандемиясына қатысты елімізде де, әлемде де жағдай қиындап жатыр. Өкініше орай, азаматтарымыз өзі де қиын жағдайда одан әрі ушықтыру үстінде. Мысалы, шындыққа жанасапайтын ақпараттар мен хабарламаларды үздіксіз тарату жасалып жатыр. Осыған орай, барлық азаматтардан осындай ақпараттарға аса мән бермеуге және ресми ақпарат көздері таратқан мәліметтерді ғана басшылыққа алуға шақырамызі,- деп толықтырды Ақбота Қуанышбекқызы.