Бекетте тұрған қызметкерлер алғысқа бөленді
Алматының бір топ тұрғыны бақылау-өткізу пунктерінде қызмет көрсетіп тұрған полицейлерді құттықтап барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастардан тұратын топ алдымен бірнеше бақылау-өткізу бекетін аралап көрді. Наурыз мерекесі өтіп кетсе де, соның құрметіне полиция мен әскерилерге және дәрігерлерге арнап мерекелік дастархан жайды.
«Қазір Қазақстан да әлемнің басқа елдері сияқты қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Коронавирус әрқайсысымызды көмек беруге, түсіністік пен мейірімділікке, сенімге, парыз сияқты қарапайым адами қасиеттерге сынап жатыр. Полициямыз, Ұлттық ұлан мен дәрігерлеріміз, еріктілер жағы Отан, қоғам алдындағы міндетін атқара жүріп өзінің ғана емес, отбасы мүшелерінің денсаулығына қауіп төндіретіні рас. Осыны ескеріп, бауырым екеуіміз бізді қорғап жүрген жандарды қолдаайық деп шешім қабылдадық. Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болады? Біз – біргеміз. Алға, Қазақстан!!!», – деп ағынан жарылады алматылық Марлен Ерланұлы.
Науқанды ұйымдастырушылар бұл бір реттік емес екенін және тұрақты өткізілетінін айтты. Кеше күндіз және кешке жастар карантин кезінде қаланың периметрі бойынша қызмет етіп жүрген 200-ге жуық адамды тамақтандырды.
«Алматы полициясының басшылығы мен жеке құрамның атынан мен, қонақтарға олардың сана-сезімі, жанашырлығы және ізгілік қасиеттері үшін ерекше алғыс айтамын. Мұндай іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың қоғамдағы қарапайым қарым-қатынастардың құндылығын білетіндігін, сонымен қатар, біз өмір сүріп жатқан бейбітшілік пен амандықты құрметтейтінін тағы бір дәлелдейді», – деп түйіндеді Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.