Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тергеу изоляторында коронавирусқа қарсы оқу-жаттығу өтті

Ақтөбедегі тергеу изоляторында коронавирусқа қарсы оқу-жаттығу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.


Ақтөбе облысы ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/1 (тергеу изоляторы) мекеме базасында коронавирустың  алдын алу бойынша өткізілген оқу-жаттығу кезінде сотталғандар және мекеме қызметкерлері арасында жұқпалы дерттің таралуына жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Іс-шараны өткізу туралы Ақтөбе облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығының ұсынысы облыс әкімі О.Оразалиннің тарапынан қолдау тауып, оқу-жаттығудың өз деңгейінде өтуіне Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы, Ақтөбе облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, сондай-ақ, Ақтөбе облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, алғашқы жедел жәрдем бекеті, Ақтөбе облысының полиция департаменті және КА-168/1 мекемесінің қызметкерлері мен Ақтөбе облысы ҚАЖ департаментінің медицина қызметінің бастығы қатысып, атсалысты.
Жабық мекемедегі оқу-жаттығу төмендегідей орын алды:

Сотталғандарды этаптау кезінде оларды қабылдаған мекеменің кезекші дәрігері алғашқы тексеру жұмыстарын жүргізу барысында бір сотталғаннан коронавирус жұқпалы дертінің симптомдарын анықтайды. Дәл осы сәттен бастап, мекеменің кезекші бөлімі орын алған жағдай туралы шұғыл түрде Ақтөбе облысының ҚАЖ департаментіне, жедел жәрдем бөліміне , прокуратура, полиция департаменті және басқа да тиісті құқық қорғау органдарға хабарландыру берді.
Бұл уақытта симптомдары коронавирус дертіне ұқсайтын науқасты мекеменің кезекші дәрігері оқшаулап, «медициналық тексерістен өткізу» бөлмесіне апарған болатын. Хабарлама бойынша жедел жеткен дезинфекция қызметкерлері коронавирус симптомы тіркелген сотталғанды тексеріп, сұхбаттасып, науқастан коронавирус дертінің белгілерін анықтағаннан кейін сотталғанға арнайы киімдер мен масканы кигізіп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Бұл аралықта мекеме қызметкері сотталған мен өзінің қолына кісен салып, жедел жәрдем көлігіне бірге отырады. Бұдан кейін дезинфекция қызметкерлері науқасты қабылдаған бөлмеге және жүріп өткен барлық жерге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Ал,жедел жәрдем қызметкерлері жол патрульдік полицейлерінің сүйемелдеуімен науқасты жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізді.

– Қазіргі төтенше жағдайға байланысты, департамент басшылығының тапсырмасына сай, мекемедегі медицина қызметкерлерінің жұмысы күшейтілген режимге көшті. Барлық жазасын өтеушілерге маска кию міндеттелді. Сонымен қатар, асханалардағы, жатын бөлмелері мен басқа да бөлмелердегі санитарлық тазалықтар күшейтілген режимде сақталып, күнделікті қадағалауда ұсталынып отыр. Одан бөлек, барлық профилактикалық жұмыстар заңдылыққа сай жүргізіліп, сотталғандар серуенге шыққан кезде бөлмелерді кварцпен залалсыздандыру жұмыстары атқарылып, күніне бірнеше рет ылғалды жинау жұмыстары жүргізіледі,- дейді 168/1 мекемесінің медициналық-санитарлық бөлімінің басшысы Абзал Дүйсенов.


«ҚР төтенше жағдай енгізу туралы» Президенттің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 жарлығын орындау мақсатында Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы А.Шамишевтің тапсырмасымен, департаментке бағынысты барлық мекемелерге карантин енгізілді. Осыған байланысты, департаменттің және мекеме қызметкерлері, сотталғандар мен тергеу қамауындағылар арасында «COVID-19» коронавирустық жұқпалы дертінің таралуына жол бермеу үшін жеке құрам күшейтілген қызмет атқару режиміне көшіп, жедел штаб құрылды. Әкімшілік ғимараттарға өткізу режимін сақтау талаптары қатаңдатылып, күн сайынғы жеке гигиена ережелерін сақталынып, коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары және вирустық аурулардың белгілері болған жағдайда медициналық көмекке шұғыл жүгіну бойынша жеке құрам арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сол сияқты департамент және оған бағынысты барлық мекемелердегі қызметкерлер маскалық режимге көшті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру