Су қоймаларда рейд жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі
Жамбыл облысының су қоймаларында рейд жұмыстары тұрақты түрде, әсіресе демалыс күндері жүргізіліп тұрады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты, облыстағы Билікөл, Бөгеткөл, Рахат көлдері және басқа да табиғи су қоймаларының жағасында тұрғындардың заңсыз балық аулап, өзендер мен су қоймаларының жағалауларын ластау немесе демалу деректерін анықтау мақсатында, полиция қызметкерлері аудандық аңшылық шаруашылығы ұйымының қорықшыларымен бірге рейдтік іс-шаралар жүргізді.
Рейд жұмыстары барысында құқық бұзушылық деректері тіркелмеді. Жамбыл облысы Полиция департаменті заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда жеке тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабына (балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынатынын ескертеді.
Сондай-ақ, жеке тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы 1-бөлімі (қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы 6-бөліміне сәйкес (карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу) 10 айлық есептік көрсеткіште айыппұл немесе он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген.
Жамбыл облысы Полиция департаменті басшысының бұйрығына сәйкес рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде, әсіресе демалыс күндері жүргізілетін болады.