Санитарлық бекетте ұсталған мас жүргізушінің құжаты да болмай шықты
Алматы облысында мас жүргізуші санитарлық бекет арқылы өтпек болған жерінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары тұрғындардың карантин режимін сақтауын тексеру кезінде бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған және мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні анықтаған.
Полиция қызметкерлері 21 сәуір күні сағат 00.50 шамасында Іле ауданы Байсерке ауылындағы санитарлық бекеттен «Тойота Ланд Крузер» маркалы автокөлігін басқарған 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған. Оның 2019 жылы 18 қаңтарда автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін үш жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылғандығы белгілі болды.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Автокөлік айып тұрағына қойылды.
Жыл басынан бері құқық қорғау органдары бұрын көлік жүргізу құқығынан айырыла тұра, көлік құралдарын мас күйінде басқарған 38 жүргізушіні анықтаған. Аталған құқық бұзушылардың барлығы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған соң, сотпен кодекстің жоғарыда көрсетілген бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.