Төтенше жағдай режимін бұзған 93 тұрғын қамауға алынды
Түркістан облысында полицейлер төтенше жағдай кезінде 700-ге жуық құқықбұзушылықты анықтап, 93 тұрғынды қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді. Осы тұста Түркістан облысының полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқарды. Осы кезеңдерде полицейлер, тәртіпке бағынбай, заңға қайшы өрескел әрекет жасаушыларды анықтап,
шара көрілді.
Атап айтсақ, облыс бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы (төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша 693 жайт анықталды. Оның ішінде 206 тұрғынға соттың шешімімен әкімшілік айыппұл (5 461 060тг) салынды. 226 ескерту беріліп, 93 тұрғынға әкімшілік қамауға алынды. Сотта 168 іс қаралып жатыр.
Бұл құқықбұзушылық жасаған тұрғындардың бірі 19-сәуірден бастап облыс бойынша карантин енгізілгеніне қарамастан, Түркістан қаласында көше бойында орналасқан асханалардың бірінде адамдарды қабылдап, тамақтануға рұқсат бергені үшін жауапқа тартылды.
Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің жеке құрам қызметкерлері де төтенше жағдайға байланысты күшейтілген режимде қызмет атқарып келеді. Күнделікті тексеру жұмыстары барысында Ордабасы ауданы Шұбарсу елді мекенінде орналасқан автокөлік жуу орны
шектеулерге қарамастан жұмыс істеп тұрғаны анықтаған.
Аталған жайт бойынша автокөлік жуу орнының иесіне қатысты ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы (төтенше жағдай режимiн бұзу) бойынша хаттама толтырылып, сот қарауына жолданды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға белгіленген шектеулерге мойынсынып, тәртіпке бағыныңыздар деп кеңес береді. Себепсіз үйден шықпаңыздар. Адам көп шоғырланатын орындарда жүрмеңіздер. Жеке кәсіпкерлер, өз қалталарыңызды ойлап, төтенше жағдай режимін бұзуға жол бермеңіздер.