Кәмелетке толмаған төрт баладан есірткі табылды
Көлік полицейлері кәмелетке толмаған төрт баладан марихуана есірткі затын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері темір жол вокзалын патрульдеу кезінде 2002 және 2003 жылы туған кәмелетке толмаған балаларды анықтап, ұстады.
Тексеру барысында ұсталғандардан газет қағазына оралған бума тәркіленді, оның ішінде өзіндік иісі бар өсімдік тектес ашық жасыл түсті зат болған.
Бұдан соң көлік полицейлерімен олардың ата-аналары шақыртылып, заңды өкілдердің және кәмелетке толмағандардың өздерінің қатысуымен аталған заттар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 7,14 гр болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты болып шықты.
Аталған факт Қостанай станциясындағы ЖПб сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігімен (есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркелді.
23 сәуірде Қостанай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен құқықбұзушылар кінәлі деп танылып, оларға тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларын қолданып, ата-аналарының қадағалауына беру түріндегі алты ай мерзімге пробациялық бақылау анықтай отырып, 30 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды.
Бұған қоса, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне де қатысты ҚР ӘҚБтК 127-бабы (ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамауы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, Қостанай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотына шешім қабылдау үшін жолданды.