Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас жүргізушілердің саны азаяр емес

Төтенше жағдай режиміне қарамастан Ақтөбе облысында көлік құралдарын масаң күйде айдау немесе басқару құқығынан айырыла отыра көлік айдау фактілері анықталып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

6 мамыр күні патрульдік полиция қызметкерлері Багословск тас жолында 41 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «Ниссан Премьера» автокөлігін тоқтатып, көлік басқару құқығынан айырылған адам бола тұра, орташа дәрежелі мас күйінде автокөлікті басқарған.

7 мамыр күні патрульдік полиция қызметкерлері қызмет атқару кезінде шамамен сағат 21.30-да А.Жұбановтар көшесінде көлікті мас күйінде басқарған 30 жастағы жүргізуші басқаруындағы «ВАЗ-2110 » автокөлігі тоқтатылды. Ол көлік басқару құқығынан айрылған және есірткі қабылдаған болып шықты.

Сол күні Ойыл ауданында учаскелік полиция инспекторы шамамен 00.15 сағат шамасында Ойыл ауылында патрульдеу кезінде 36 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «Dawoo Nexia» автокөлігі тоқтатқан.

Барлық фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (алкогольдік масаң күйде болған көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жүргізушілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысының аумағында ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (көлік құралдарын алкогольдік мас күйінде жүргізу құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы) бойынша 63 факті анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 11 қаңтарында күшіне енген заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес көлік құралдарын мас күйінде басқарған, көлік құралдарын басқару құқығынан бұрын айырылған жүргізушілерге қатысты жаза қатаңдатылды. Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті жүргізушілердің алкогольмен және есірткілік мас күйінде көлік құралдарын басқармауын сұрайды және ескертеді. Сіздің ойланбаған іс-әрекеттеріңізден кінәсіз адамдар зардап шегуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру