Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында адасып кеткен 42 жастағы ер адам құтқарылды

Қостанай облысында құтқарушылар адасып кеткен 42 жастағы ер адамды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 2020 жылдың 14 мамырында болған. Шамамен сағат 22:48-де «112» нөміріне әйел адам хабарласып, күйеуінің өзен құмын алып келуі үшін трактормен үйден шығып кетіп, қайтып оралмағандығы туралы баяндаған. Жұбайының ұялы телефоны қызмет көрсету аясынан тыс жерде болған.

Ер кісі Қостанай ауданының Сормовка және Александровка ауылдарының арасында жоғалып кеткен. Шақырту түскеннен кейін іздестіру шараларына бірден өрт сөндіру қызметінің жедел құтқару жасағының қызметкерлері мен Қостанай ауданының ТЖ бөлімінің құтқарушылары, сондай-ақ, полицейлер кірісті. Іздестіру-құтқару жұмыстары түнгі сағат 03:00-те «Қостанай-Меңдіқара» трассасынан 3-4 шақырым жерде аяқталды.
«Біз алыстан жарық көрдік. Соған жақындап келіп, жоғалып кеткен ер адамды байқадық. Біз дер кезінде келіппіз, кешіккенімізде ол тоңып қалар еді. Сол күні дауылды ескерту жарияланған, жаңбыр жауып, түнде ауа температурасы төмендеді. Бірақ соған қарамастан, ол жолға шыққан. Оның ұялы телефонына қоңырау шала алмаған әйелі «112» нөміріне хабарласып, құтқарушыларды шақырды. Тұрғын жол үстінде тракторының бұзылғандығын баяндады. Көлікті жөндеп біткенінше, қараңғы түскен. Уақыт өте келе бағдарынан айырылып қалған ол құтқарушылардың көмегін күтуді шешкен. Біз оны Сормовка ауылына, яғни үйіне дейін апардық», – деді Қостанай ауданының ТЖБ Азаматтық қорғау майоры Серік Дембаев.

Құтқарушылар азаматтарды дауылды ауа райы кезінде абай болуға шақырады. Жүргізушілерге елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеуді, ұялы байланыс операторларынан келетін SMS-
хабарламаларға назар аударуды ұсынады. Төтенше жағдай орын алған жағдайда дереу «112» нөміріне қоңырау шалыңыз.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру