Велосипед ұрлығының алдын алу жұмысы өтті
Солтүстік Қазақстан облысында еріктілер, полицейлер мен ПИК төрағалары велосипед ұрлығының алдын алу жұмысын бірлесе жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлдық полицейлер велосипед ұрлығымен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге кірісті. Велосипед ұрлығының алдын алу жұмысына жедел уәкілдер мен учаскелік инспекторлардан бөлек, еріктілер де қатысады. Петропавл қалалық Полиция басқармасы бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы алгоритм бойынша бірлескен рейд жүргізді. Полицейлер велосипедшілермен және өтіп бара жатқан тұрғындармен әңгіме жүргізіп, еріктілер жадынамалар мен буклеттер таратты. СҚО бойынша іздестіру жасағының жетекшісі Евгений Соловьевтің айтуынша, өңірдегі іздестіру-құтқару жасағынан оннан астам ерікті тартылып, бірнеше сағат ішінде 100-ден аса пәтерді аралап шыққан.
Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімінің басшысы Балабек Жахиннің айтуынша, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында полицейлер түсіндіру жұмысында түрлі ықпал ету әдістерін пайдаланады. Велосипед ұрлығының алдын алу жұмысынан бөлек, учаскелік инспекторлар кіреберістер мен пәтерлердегі ұрлықтан сақтану жолдарын да түсіндіреді. Бұл жұмысқа еріктілермен қатар ПИК төрағалары да кіріскен.
Жаз мезгілінде балалар, электр самокат әуесқойлары, скутер жүргізушілерінің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілей бастайды. Оқушылар демалысы қарсаңында тәртіп сақшылары жыл сайын алдын алу жұмысын жүргізеді. Осы күндері де қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлері түсіндіру акциясын өткізді. Инспекторлар жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді тоқтатып, қала көшелерімен дұрыс жүру, жаяу жүргіншілер жолақтары мен қиылыстардан өту ережелерін түсіндіріп, әңгіме соңында әрқайсысына бетперде табыстады.
Мектеп оқушыларының демалысы қарсаңында жергілікті полиция қызметі барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді, велосипедшілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және осы тақырыпта отбасыда балалармен түсіндіру жұмысын жүргізуге шақырады.