Полицейлер жоғалған 4 жасар бүлдіршінді тапты
Алматы облысы Қапшағай қаласында полицейлер жоғалған төрт жасар бүлдіршінді тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бір сәтке кішкентай қызынан көзін таса қылған анасы қызын жоғалтып алған.
- Әйел өз бетінше іздеуді бастаған, алайда еш нәтиже шықпаған. 2-ықшамауданды патрульдеп жүрген "Бүркіт 258" патрулі шарасыз қалған ананы байқап, бүлдіршінді іздестіруді өз қолдарына алған. Нәтижесінде бір сағат ішінде қыз көрші шағынаудандағы жүру бөлігінің бойынан табылды. Кішкентай Айша аман-есен анасының қолына табысталды, - дейді Қапшағай қаласы Полиция басқармасының басшысы Манат Айтмуханбетов.
Полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларына қырағы және мұқият болуға шақырады.