Жағажайға баратындарға карантиндік шектеулерді сақтау қажет
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жағажайға баратындарға карантиндік шектеулер жайлы естеріне салады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік өңір адамдары аптап ыстық келісімен жағажайда суға шомыла бастады. Полицейлер СҚО тұрғындарынан облыста әлі де карантиндік шаралардың күші жойылмауына байланысты шектеу шараларын сақтауды сұрайды. Басқа қоғамдық орындардағы сияқты жағажайларда да арақашықтық екі метрден кем болмауы, бірге тұратын отбасының мүшелерін алмағанда, үш адамнан артық жиналмауы тиіс.
– Жағажайларда спирттік ішімдіктерді ішуге немесе масаң күйде келуге мүлде жол берілмейді, — деді СҚО ПД басшысының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. — Алкогольдік ішімдіктерді ішкеннен кейін суға түсу адам өміріне қауіпті. Бұдан басқа, ішімдік әкімшілік, қылмыстық сипаттағы түрлі заң бұзушылықтардың жасалуына себеп болады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы (алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) жиі қолданылатындардың бірі екендігін атап кеткен жөн. Жыл басынан тек облыс орталығында 2133 хаттама толтырылды.
Жағажайларда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамсыз ету үшін жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері облыстық ТЖД құтқарушыларымен бірлесіп рейдтік іс-шараларды жоспарлады. СҚО-да суға арналған 58 қауіпсіз орын бар, оның екеуі Петропавлдағы Есіл өзені мен Пёстрое көліндегі жағажайлар. Қазіргі уақытта оның екіншісіне баруға болады. Жағажайда «Модуль» бекеті жұмыс істейді, онда тәулік бойы екі ауысымдағы кезекшілік ұйымдастырылған. Жағажайларға апарар жолдар автопатрульдердің бақылауында.