Алакөл ауданында алдыңғы қатардағы тәртіп сақшылары қызмет етеді
Қазіргі таңда Алакөл аудандық полиция бөлімінің әр қызметкері халықтың сенімі мен құрметіне ие. Олар күн-түн демей талмай еңбек етіп, әділдік пен адалдықтың байрағын желбіретіп келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Өңірдегі тәртіп сақшыларының барлығы дерлік мақтауға лайықты. Солардың ішінде криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Дастан Әлімжановты ерекше атап өтуге болады. Алакөл ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында дүние есігін ашқан Дастан мектепті аяқтағаннан кейін Талдықорған заң колледжінде құқықтану және Ішкі істер министрлігі М.Есболатов атындағы Алматы академиясында құқық қорғау мамандығы бойынша қолына дипломын алды, – деді Алакөл аудандық Полиция бөлімінің басшысы Қуат Оспанов.
Бір айта кетерлігі Дастан спортта да үздік. Бала күнінен бастап қазақша күрес пен дзюдо сынды спорт түрлерінен жаттығып, түрлі дәрежедегі додаларда топ жарған. Соның арқасында тек білегінде ғана емес жүрегінде де алып күші және мейірімділік молынан бар деуге болады.
– Ата-анасының үкілеген үмітін ақтап, сенімдерінен шыға білген жас тәртіп сақшысы ең алдымен осы дәрежеге жетуіне үйіндегі әке-шешесіің қосқан үлестері зор деп біледі. Анасының ақ сүтімен, әкесінің бекзат тәрбиесімен бойына сіңген арда қасиеттерінің арқасында бүгінде Алакөл аудандық полиция бөлімінің белді қызметкері болып отыр, – деп толықтырды Оспанов.
Жігіттің алға қойған мақсаты да зор. Ертеңгі күнге деген сенімі мол полиция қызметкерінің алар асулары әлі алда.