Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пробация қызметкерлері балаларына арнап сайыс өткізді

Ақтөбеде пробация қызметі өз қызметкерлерінің балаларына арнап ерекше сайыс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Істі болып, пробация есебіне алынған тұрғындарды қоғамға бейімдеуде пробация қызметі инспекторларының еңбегі зор. Аяғын шалыс басқандарды түзеу жолға салуға тер төгіп жүргендердің кей уақытта отбасыларына көңіл бөлуіне уақыттары да болмайды. Осыны ескерген Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты Алматы аудандық пробация қызметінің қызметкерлері 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында, өз балалары арасында шығармашылық сайыс ұйымдастырды.

ҚАЖ қызметкерлерінің балаларына арналған сайыс II топтан тұрды. Бірінші топ: 4 жастан 7 жасқа дейінгі балаларды, ал екінші топ: 7-12 жасқа дейін балаларды қамтыды.Барлығы тоғыз номинациямен қамтылған сайысқа ерекше қабілеті бар тоғыз бала қатысып, бақтарын сынады. Сайыс әлден-ақ қатысушыларын қызықтырып, балалақайлар өз белсенділіктерін танытып, тапсырмаларды орындауға бірден кірісті.

Балалар Алматы аудандық пробация қызметі басшысының міндетін атқарушы Айған Қонжабайқызының атынан алғыс хаттар және пробация қызметі тарапынан сыйлықтарға ие болды.

– Қызметкерлердің балалары арасында осындай шығармашылық сайысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – олардың балаларының белсенділіктері мен қабілеттерін арттыру, өздерін жеке адам ретінде көрсете білуге баулу және ата-аналарының жұмысына қызығушылықтарын арттыру болып табылады. Сонымен қатар, көп уақытын пробация қызметі есебінде тұрған адамдарды қоғамға бейімдеу жұмыстарымен өткізетін біздің қызметкерлердің назарын бір уақыт балаларына аударып, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту.  Аталған сайыс ойдағыдай, өте жоғары деңгейде өтіп, балалардың көңілінен шықты, – дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің инспектор психологы Нұргүл Аубакирова.

Отбасындағы жарастық пен сыйластықты дамыту үшін қызметкерлердің арасында ұйымдастырылған аталған іс-шара балалар мен олардың ата-анасына керемет көңіл-күй сыйлады.

– Сайыстың тәртібімен, балам Ерасыл Есендосқа «Бақытты балалық шақ» номинациясы бойынша сурет салу қажет болғанда, ол бірден қарындасының бейнесін салып берді. Отбасында ағалы-қарындасты екеуі тәрбиеленіп жатқандықтан, Ерасыл үш жасар қарындасын өте жақсы көреді және ерекше құрметтейді. Ол сайыста алған алғыс хат пен сыйлықтарын да қарындасына сыйлады. Жалпы, бұл сайыс біздің балаларымызға қазіргідей карантин жағдайында ерекше көңіл-күй мен шығармашылық шабыт сыйлағаннан бөлек, балаларымыздың арасындағы туыстық қарым-қатынастың маңыздылығын да ашып берді. Ерекше іс-шараны ұйымдастырған басшыларымыз бен әріптестерімізге барлық қызметкер ата-аналардың атынан үлкен алғыс айтамыз, – дейді 10 жасар Ерасылдың анасы, Ақтөбе қаласындағы Алматы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Айгерим Сариева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру