Түркістан облысында «Полиция келбеті» айдары желі қолданушыларына жол тартты
Түркістан облысы Полиция департаментінің «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік парақшаларында 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай «Полиция келбеті» атты жаңа айдар пайда болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Желі қолданушыларына бір апта бойы полицейлер туралы тың ақпараттар ұсынылмақ. Бұл шығармашылық іс-шараның негізгі мақсаты – күнделікті сіз бен біздің қауіпсіздігіміз, тыныштығымыз үшін қызметте жүрген тәртіп сақшыларының да қарапайым адамдар, олардың да өз отбасы, ата-ана, туыс-бауыры бары, олар да осы қоғамда тәрбиеленген жандар екенін ашып көрсету.
«Полиция келбетінен» полицейлердің түрлі қызықты өмір жолдары, қызмет бабында қырағылығымен көзге түскендері, ерлігі мен еңбегі арқылы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленгендері, олардың қарапайым отбасындағы бейнесі, өнерге, спортқа деген қызығушылығы көрсетіліп, арнайы жасалған бейнероликтерді көріп, мақалалар оқуға болады.
Ашықтық пен айқындықты басты ұстаным еткен полицейлерді келе жатқан мерекелерімен құттықтаймыз! Әрдайым абырой биігінен көрініп, қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздікті сақтауда шаршамай қызмет ете беріңіздер. Халықтан тек алғыс алыңыздар!