Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

5 тұрғынды сан соқтырған алаяқ

Түркістан облысы полицейлері жұмысқа орналастырамын деп, тұрғындарды алдаған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, өзіне жақсы таныс емес адам сеніміне кіріп, ауруханаға жедел жәрдем бөліміне жүргізуші ретінде жұмысқа орналастырып беремін, одан бөлек жүргізуші куәлігіңді жасап беремін деп әбден сендіріп, алдаған. Алаяққа сенген тұрғын оған миллион теңге ақшасын беріп, алданып қалды.
Аудандық полиция бөліміне осыған ұқсас арыздармен тағы да бірнеше тұрғын хабарласқан. Қалған арызданушыларды да осылай алдаған алаяқ біреуінен 250 000, келесісінен 135 000, кейбірінен 75 000 теңгеден алып отырған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, тұрғындарды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шаралар жасалды. Куәгерлерден жауап алу барысында ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, бір тәулік ішінде ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Бұрын осындай алаяқтықпен сотты болған. Өз кінәсін толық мойындады.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті осылай алаяқтық жолмен бес тұрғынды алдаған. Жәбірленушінің барлығына келтірілген шығын көлемі 1 500 000-нан астам теңгені құрады. Күдікті қамауға алынды. Жинақталған іс-құжаттары сотқа жолданды.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты қабыл алмай, толық тексеріп алыңыз деп кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру