Кадрлық саясат тобының инспекторы Азамат
26 мамыр – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болған полицейлер туралы жарияламақ.
Бүгінгі заман талабына сай және құқыққорғау саласы қызметкерлеріне қойылған міндеттерді абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлері біздің ауданымызда да баршылық. Осындай тынымсыз да, қауіп – қатері жоғары қызметтің талап үрдісінен шығып жүрген полиция қызметкерлерінің бірі Уалиев Азамат Маратұлы. Ол Ақтоғай ауданына қарасты Мүткенов АО Жаңабет ауылында дүниеге келген. Азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Павлодар қаласындағы ІІМ қарасты бастапқы даярлық мектебіне оқуға түсіп, оны тәмамдады, осыдан соң Ақтоғай аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау қамағына кезекші-полицей болып қызметке тұрды. Азамат Маратұлы қандай жұмыс болса да тыңғылықты, соңына дейін жеткізіп орындауға дағдыланған. Оның мұндай қасиеттері аудандық полиция басшылығының көзіне жылдам түсті және ол АПБ ЖПҚ ювеналдық полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметіне ауыстырылды, ол бүгінде полиция аға лейтенанты атағында. Қазір ол Ақтоғай АПБ кадрлық саясат тобының инспекторы болып қызмет атқаруда. Сондықтан, полиция қатарында білімді де білікті азаматтардың қызмет ету қажеттілігі – заман талабы. Сол үшін де кадрларды іріктеп алу, жастарды осы маңызды құқық қорғау саласына тартуға психологиялық, физикалық тұрғыдан іріктеуді талап ететін жұмысы ерекше білімділікті, тіпті, ерекше қырағылықты қажет етеді. Бұл жағынан аға лейтенант Азамат Маратұлының іскерлік қасиеттері аса зор деп айта аламыз.
Сөзіміз дәлелді болу үшін ол осы міндетті атқара бастағалы бері жастарды арнайы жоғары оқу орындарына тартып, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды қаласындағы ІІМ Академиясына, Алматы ІІМ Академиясына, Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай қаласындағы ІІМ Академиясына жан-жақты дамып жетілген, таңдаулы балаларды жіберуге тырысуда. Олардың ішінде аталмыш оқу орындарын тәмамдап, Ақтоғай ауданына оралып, аудандық полицияда қызмет істеп және өздеріне жүктелген міндеттерді жақсы атқарып жүргендері де бар. Мысалы Рамазанов Арыстан – полиция лейтенанты, криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, Сұлтанов Нұрболат -полиция кіші лейтенанты, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, Көпбергенов Ислам – полиция аға лейтенанты, криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, Аққалақова Балжан – полиция кіші сержанты, ақпараттандыру және байланыс тобының технигі. Олардың барлығы Азамат Маратұлының іріктеуімен жоғарыда аталған оқу орындарын тәмамдаған жоғары білімді және білікті жас мамандар. Азамат отбасында үлгілі отағасы, жұбайы Заринамен Аяулым, Санжар, Айлин есімді балапандарын тәрбиелеп өсіріп жүр. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ, басшылық тарапынан алған марапаттары, ақшалай сыйлықтары бар. Нағыз тәртіп сақшысы үшін қасында сүйікті отбасы, сенімді әріптестері, мықты ізбасарлары болуы шарт. Азамат Маратұлының осындай жақсы жандардан серіктері бар. Келешекте де әрдайым солай болуына тілектеспіз. Мереке құтты болсын!