Кентауда күнделікті рейд жұмыстары жүруде
Түркістан облысында карантин талаптарын сақтамағандарға айыппұл салынып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кешегі рейдке қала әкімінің орынбасары Бекайдар Әлімбетов және қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері, кәсіпкерлік бөлімі, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Мобильді топ карантин талаптарына сақтамай, жұмыс жасап жатқан бірнеше дүкендер мен кафелерді анықтап, кәсіпкерлік нысандарының сатушылары мен иелеріне хаттамалар толтырды.
Елімізде карантиннің екі аптаға созылған айтқан мамандар, тұрғындарға талаптарды толығымен сақтауды ескертті.
– Түркістан облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 17 шілде 2020 жылғы №28 қаулысына сәйкес Түркістан облысында карантиндік шараларды күшейту туралы қаулысы күшіне енген болатын. Осы қаулығы сәйкес қала және облыс аумағында талаптарды толық сақтауды сұраймыз. Бетперделік режим мен ара қашықтықты сақтап жүріңіздер. Көпшілік жиналатын орындарға баруға да болмайды, – дейді Кентау қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Н.Берістемов.
Жалпы қалада үш мобильді топ құрылған. Барлығына қала әкімінің орынбасарлары басшылық етуде.
– Қаланы және қалаға қарасты 16 ауылдық округті секторға бөліп жұмыс жасап жатырмыз. Қазір біраз реттелді. Халық та түсінді. Арасында бағынбай, жасырын жұмыс жасап жатқандарға айыппұл салынуда. Бұл жұмыстар карантин біткенше жалғасады, – дейді қала әкімінің орынбасары Бекайдар Әлімбетов.
Бүгінге дейін Кентау қаласында жалпы 800-ден астам нысан тексеріліп, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 64 жайт тіркелген, оның ішінде карантин талаптарын сақтамаған 19 азаматқа хаттама толтырылды. Олардың арасында жасырынып той істегендер мен туған күн тойлағандар, шектелген уақытта жұмыс істеген дүкендер бар.
– Рейдке күнделікті шығудамыз. Анықталған жағдайлар бойынша хаттама толтырып, Кентау қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдаудамыз, – дейді учаскелік полиция инспекторы Бекжан Қонысов.