Алматы облысының полицейлері Түркістан облысында із-түссіз жоғалған науқас қызды тапты
Алматы облысының полицейлері Түркістан облысында із-түссіз жоғалған науқас қызды тауып, жақындарына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында көктемде із-түссіз жоғалған қыз Қарасай аумағынан табылып, аман-есен ата-анасына табысталды.
Қарасай ауданының із кесушілері арнайы шара барысында Қаскелең қаласының көшесінің бойында жүріс-тұрысы күдік тудырған бойжеткенді байқаған. Жеке тұлғасын анықтауда оның аты-жөнін айта алмайтын науқас жан екені анықталып, аудандағы пансионаттардың біріне жеткізілген.
– Алғаш көргенде қатты шаршаған, эмоционалдық жағдайы нашар болғандықтан пансионатқа апардық. Іздеу базалары арқылы оның суреттерін таратып, мекенжайын анықтауға тырыстық. Оң нәтиже шықпаған соң, екі күннен кейін келіп, қайта-қайта аты-жөнін сұрау кезінде аты мен тегінің алғашқы әріптерін ғана айта алды, – деді Қарасай ауданы Полиция басқармасы КПБ жедел уәкілі Айдос Садықов.
Жоғалған бойжеткеннің аты-жөнін болжам бойынша мәліметтер базасынан тексеріп, көктемде Түркістан облысында 1994 жылы туған әйел адамның із-түссіз жоғалуына байланысты іздеу жарияланғаны белгілі болған. Қарасай ауданының полицейлері оңтүстіктегі әріптестеріне тиісті хабар беріп, ата-анасы қыздарын аман-есен алып кеткен. Науқасына байланысты ауладан шығып кетіп, үйін таба алмай қалған перзентін тауып берген аудандық полицейлерге зор алғысын білдірген анасы тәртіп сақшыларының жұмысына табыс, отбасыларына амандық тіледі.