Сотталғандар домбыра жасауда
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауына сәйкес Алматы облысы бойынша ҚАЖД қарасты ЛА-155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатқандар да еңбек өнімділігін арттыруға өзіндік үлестерін қосуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нақтылай түссек, ЛА-155/14 мекемесіндегі ЖК «Гецинер» жеке кәсіпорында сотталған қолөнер шебері Кенжебек Әбішев домбыра жасауда.
– Домбыра – қазақпен егіз аспап. Өйткені, қазақ қара домбырасын тастаған емес. Тарихы шамамен тас дәуірінен басталатын жәдігер. Домбыра жасалатын материалына тікелей байланысты болғандықтан оны жасау үшін қарағай, шырша, қайың секілді тығыз ағаштар пайдаланылады. Домбыра құралып немесе ойылып екі түрлі әдіспен жасалады . Домбыра бас, мойын, шанақ секілді үш құрлымнан тұратын технологиясы күрделі жұмыс болғандықтан оны жасауға төрт-бес күндей уақыт кетеді., Аталарымнан мирас болып келе жатқан осы қолөнерімді жиырма жасымнан бастап кәсібіме айналдырдым, – дейді қолөнер шебері.
Қазіргі таңда сотталған К. Әбішев аталған кәсіпорында жұмысшы болып еңбек етуде. Бұл жұмысты биыл маусым айынан бастап, аз уақытта өзін тек қана жақсы жағынан танытып, жазасын өтеп жатқандарға үлгі көрсете білді. Оның қолынан шыққан қолөнер бұйымдары өте сапалы, бәсекеге қабілетті, үлкен сұраныстарға ие болып отыр. Он саусағынан өнер тамған азамат өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеп келеді. Қазақ халқының мол мұрасы ретінде танылған киелі қара домбырасын жасап, ұлттық өнерді насихаттап жүрген Кенжебек Жақсылықұлының еңбегінің жандануына ЛА-155/14 мекеме әкімшілігі тарапынан барынша қолдау көрсетуде.