2600 армян көлігі Атырау облысында тіркелді
Атырау облысында Армения Республикасынан әкелінген 2600-ден астам көлік тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының аумағына Армения елінен әкелінген автокөлік құралдарын тіркеудің аяқталуына екі аптадан аз мерзім уақыт қалды. 1 қыркүйекте тіркеу мерзімі аяқталады. Көліктері тіркеуден өтпеген тәртіп бұзушыларға 27 780 теңге көлемінде айыппұл салынып, көлік құралы айыппұл тұрағына қалдырылады. ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес Қазақстанға Армения Республикасынан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген көлік құралдарын тіркеу жұмыстары 1 маусымнан басталды. Тіркеуге жеткілікті уақыт берілді, ал тіркеу мерзімін ұзарту қарастырылмаған.Автокөлік құралдарын тіркеу Атырау қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында, Құлсары қаласының және Құрманғазы селосындағы ХҚКО-тарында жүргізілетінін еске саламыз. Тіркеу ережелері туралы толығырақ білуге және барлық сұрақтарға Call-орталықтың 8 775 056 94 68 немесе (8722) 98-10-55 нөмірлеріне қоңырау шалу арқылы жауап алуға болады.